Мұғалімге құрмет көрсету арқылы біз білімді терең меңгеріп, ғылымды игеруге жол ашамыз. Адамшылық қалыбымызды түзеп, арман-мұратымызға асықпай жетеміз. Осы орайда, әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі ойға оралады әрі білім мен тәрбие адамзаттың негізгі құралы екенін еске салады.

 

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін  тәрбиелейтін, оқытып  үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін  салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі  ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

 

Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету.

 

Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім.

 

Ардақты ардагер ұстаздар ! Баршаңызды мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ұлы істі атқарып жүрген жұмыстарыңызға абырой тілейміз! Біліммен баулып, биікке ұшыратын студенттеріңіздің оқуда озат, өмірде жақсы маман болып шығуына тілектеспіз! Мәртебелеріңіз асқақтап, абыройларыңыз арта берсін! Отбасыларыңызға есендік, телегей табыс, зор денсаулық тілейміз! Еліміздің ертеңі нұрлы, аспаны ашық болсын!